Ақтөбедегі оқиғадан кейін кәсіпкерлерге бейнекамера орнатуды міндеттеу қажет, деп есептейді ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
ҚазАқпараттың хабарлауынша, министр бұл пікірін бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз алдында мәлім етті.
– Ақтөбедегі оқиғада, қару сататын дүкеннің ішінде және сыртында бейнекамералардың орнатылғанның арқасында ғана біз лаңкестердің қалай кіргенін, не істегенін және олардың әр қадамын суреттей аламыз. Сондықтан біз бейнекамераларды орнату бойынша істі дамытудамыз. Соңғы оқиғаларға байланысты жергілікті билікпен бірге осы істі қолға аламыз.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта Қазақстан бойынша жедел орталық басқару жүйесі шеңберінде 3 900 бейнекамера бар. «Қауіпсіз үй» аясында тек 19 мың тұрғын камера орнатқан.
«Бұл өте аз. Бізге камераларды көбірек орнату қажет», – дейді Қ.Қасымов.
Еске сала кетейік, 5 маусымда Ақтөбеде теракт орын алды. 25 адам алдымен қару дүкеніне, кейін әскери бөлімшеге шабуыл жасады. Салдарынан ҚР Ұлттық ұланның 3 әскери қызметшісі мен 5 бейбіт тұрғын қаза тапты. 7 әскери қызметші мен 12 полицей жарақат алды. Қазіргі уақытта терактіге қатысқандардың барлығы ұсталды және кейбірінің көздері жойылды. Тергеу әлі жүріп жатыр.
Республика бойынша 40 күнге лаңкестік қауіпінің «сары» деңгейі белгіленді.
Бүгін министр хабарлағанындай, лаңкестікке бастапқыда 45 адамнан тұратын топ дайындалған. Алайда оның 20-сы кейін жиһадқа барудан бас тартқан.