Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Ақтөбедегі оқиға – идеологиялық осалдық пен жұмыссыздықтың салдары ма?

Дос Көшім, саясаттанушы:

Дос Көшім

Дос Көшім

– Менің білуімде, елімізде лаңкестік әрекет 2011 жылдан бастап сипат алды. Уақыт көрсетіп отырғандай, 5 жылдың ішінде сол егілген дән көктеп, тамырын кеңге жайған. Енді оны тоқтату, әрине, қиын болады.

Бұл біріншіден, жастар арасында идеологияның дұрыс жүргізілмегенін көрсетеді.

Екіншіден, еліміздегі лаңкестік әрекеттің алдын алу шараларының тиімсіз екенін байқатты.

Біздегі құзырлы органдар әміршілік-әкімшілік әдістен әлі айықпаған. Олар нақты мәселемен шұғылданудан гөрі, оны есеп ретінде қағаз жүзінде екі есе орындауды жөн санайды.

Мүмкін, идеологияға бөлінетін қаражат, соңғы кездері қысқарып кетуі де ықтимал. Міне, осындай олқылықтардың салдары, өкінішке қарай, осындай қайғылы жағдайға әкеліп жатады. Ал ол биліктің бақылауын әлсіз етеді, – дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ маман «жергілікті халыққа діни тұрғыда сауатты ақыл-кеңес берілмейді, оның орнына күштеу, «діни наным-сенімінен бас тарт» деген секілді нұсқау беру арқылы жүргізіледі. Оларға басқа жол ұсынылмайды. Әрине, сондықтан арада түсінбестік туындап, адамдар бір-бірінен алшақтайды» дейді.

– Күштік құрылымдар сауатсыздық танытады. Бірден күшке жүгінеді. Үстіндегі «хиджапты шеш» немесе «мынаны оқыма» деп қолындағы кітапты тартып алады. Әрине, бұл дұрыс емес. Оны халық тек дөрекілік, бізді басыну деп түсінеді. Ал нақты идеология жоқ. Бар болса, жеткіліксіз деңгейде, – дейді Дос Көшім.

Теракттың себебі — жұмыссыздық!

Әлеуметтанушы Бақтығали Шәкиев бұл арада асығыс шешім шығаруға асықпау керек екенін, бұл іспен құқыққорғау органдарынан тыс ғалымдар да шұғылдануы тиістігін айтады.

Оның пікірінше, барлығын әсіредіншілдікке аудара бермей, нақты мәселелерді анықтап, оны жою керек. Соның бірі әрі бірегейі – өңірдегі жұмыссыздық жайы.

Бақтығали Шәкиев, әлеуметтанушы:

– Ақтөбеде оқ атқандардың кімдер екені нақты анықталмай, бұл арада бірнәрсе айту қиын. Мысалы, Кеңқияқтағы оқиғаны алайық. Ол кезде де «әсіредіншілдер бүлік шығарды» деді. Бірақ, кейін анықталғандай, ол арада мәселе әсіредіншілдікте емес, жастардың жаппай жұмыссыздығында болып шықты.

Қазірде өңір өңірде дағдарысты сылтау етіп, жұмыс орындары қысқарып жатқаны анық. «Пәленше жұмыс орны ашылыпты» дегеннің көбісі қағаз жүзінде екені мәлім ғой. Оны жасыратын несі бар.

Қалай дегенмен де күштеп, қырып-жойып мәселені тындырдық деген болмайды. Бұл арада ғалымдар сөз алуы керек. Олар талдау жасап, жұртқа кеңес беруі тиіс. Құқық құрылымы ғана емес, нақты мамандардың да бұл мәселемен шұғылдануы шарт.

Шындығында, басбұзарлық әрекет неден туындап жатыр? Бұған халық жан-жақты жауап ала алатындай болуы керек. Ал біз нақты жауапты естіп жатқанымыз жоқ. Көп ақпарат жабық қалады. Бұл құқық қорғау органының немесе үкіметтің ғана шаруасы емес. Ол бүкіл халыққа тікелей қатысты нәрсе. Сондықтан халық бұл мәселенің шындығымен бетпе-бет келіп, өзі қорытынды жасауы шарт, – дейді әлеуметтанушы.

Сириядағы соғысқа барғандар Қазақстанға арнайы жоспармен келеді

Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының директоры Ерлан Қарин Фейсбуктегі жеке парақшасында арнайы жасақ арам пиғылдағы шабуылдаушылардың аяқасты әрекетіне тойтарыс беруде жақсы жұмыс істегенін айтады.

Сонымен қатар, саясаттанушы Сириядағы соғысқа қатысып, елге түрлі жоспармен келіп, қазір абақтыға жабылған азаматтармен кездесуі жайлы айтып береді.

6d9e3cfd50a182b6164649bd6f2– Сириядағы соғысқа қатысқандар елімізге оралғанда арнайы жоспармен келеді. Олар Сириядағы тәжірибесін осында сынауды ойлайды. Мысалы, Сириядан келгендердің бірі мина жасап, оны жаруға машықтанған. Ол осында келе салып, өзі тұрған қалада пәтер жалдап тұрады. Телефонындағы номерді күнде ауыстырып, дәріханадан жарылғыш зат жасайтын заттарды миллиграммдап жинайды. Елді есеңгірететін шабуыл ойластырып, өзіне көмекшілерді жинай бастайды. Бірақ арам ойы жүзеге аспай жатып, оны арнайы жасақ ұстап, қайғылы жайттың алдын алды. Ол өз сөзінде, сауда үйінде жүрген жерінен ұсталғанына қатты таң қалғанын айтты,- деді Ерлан Қарин.

Қазақ халқы ежелден ислам дінін ұстанады. КСРО кезінде дінсіздендіру саясаты жүргізілгені белгілі. Кеңес одағы ыдыраған соң жергілікті ұлт өзінің дінімен қайта қауышты. Бірақ арадағы 70 жылдың ішінде әлемде исламның мағынасын майыстырған түрлі секталар мен бағыттар пайда болып үлгерген еді. Алайда арнайы білімі жоқ, қарапайым дамдарға, әрине, қиын. Ал осы ағымдар тәуелсіздік алғаннан кейін айқара ашылған шекарамыздан елімізге дендеп еніп кетті.

Қайсысының нендей ойы барын құзырлы органдар әлі толыққанды зерттеп үлгерген жоқ. Бірақ олар дәнегін егіп, одан сайын қанат жая түсуде. Мысалы, былтыр Дін істер комитеті Қазақстанда діни мазмұндағы 244 сайтты жабуға ұсыныс берді. Мұның өзі жат ағымның идеологиясы қарқынды насихатталып жатқанын аңғартса керек.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз