Ақтөбенің №2 соты Ақтөбе облысының тұрғынын Қазақстанда тыйым салынған “Таблиғи Жамағат” діни ұйымының идеяларын насихаттады деген айыппен шартты мерзімге соттады деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот облыстың аты-жөні аталмаған тұрғынын ұйым қызметіне араласты деп айыптап, бір жыл мерзімге шартты түрде соттау жазасын кескен. Айыпты сотта өзіне тағылған айыпты мойындаған.
Қазақстанда “Таблиғи Жамағат” ұйымы 2013 жылы экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Биліктің ұйғарымынша, “Таблиғи Жамағат” Орталық Азияда ислам халифатын құруды көздейді.
Қазақстанда 2013 жылдан бері бұл ұйымның қызметіне араласты деген айыппен ондаған адам сотталды.