Ақтөбеде дәрігерді өлімші етіп сабап, зорлап кетті

5 951 просмотров

25 жастағы әйел дәрігердің Ақтөбе облысына «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа тұрғанына төрт ай ғана болған.

Оқыс оқиға Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында орын алды. Жас әйелдің жеті айлық нәрестесі бар. Аудандық аурухананың дәрігерлері соққыға жығылған әріптесінің денесінің сау тамтығы қалмағанын, тіпті тісіне дейін сынғанын айтты деп жазады „Диапазон„.

— 25 жастағы дәрігер бізге былтыр келді. Өзі жақсы маман, өте қарапайым, байсалды. Бізде тәжірибеден өтті, одан кейін аудан орталығынан қызметтік баспана берілді. Желтоқсан айында декреттік демалысқа шықты, босанды, содан соң сәуір айында қайтадан жұмысқа шықты. Баласын өзі жалғыз өсіріп отыр.

Шалғай ауылдан емхана ашылды, оған учаскелік дәрігер керек болды. Қызымыз оған қуана келісті, аудан орталығынан 200 шақырым, бірақ жалақысы жақсы.

Ауылдан да қызметтік үй алып, баласына күтуші жалдап, жұмыс істеп жатқан. Онда небәрі 1300 тұрғын. Тыныш ауыл болып саналатын. Қалай болғаны, тіпті басқа да келмейді. Күдікті көршісі деп естідік, — дейді Әйтеке би аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ләззат Қабиева.

Ауылдық округтың әкімдігі бойжеткеннің жан айқайын көшеде жүрген өзге көршісі естіп қалғанын айтады. Түнгі сағат бір-екілерде болған бұл жайттан кейін ер адам бірден жедел жәрдем мен полицейлерді шақыртқан. Күдікті таңертең құрықталды.

Ол ұйқысынан оянған секілді түк болмағандай жұмысына барған. 47 жастағы ер адамның бес баласы бар, отбасылы азамат екен. Тіпті, балаларының алды үйлі-баранды боп үлгерген.

«Жұмысбасты, тыныш адам еді. Бұған қалайша барғанын түсіне алар емеспіз», — дейді әкімдіктегілер дәрігерге тиіскен күдікті туралы.

Загрузка...