Ақтөбе қаласының әкімі ауысты

72 просмотров

Ақтөбе облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Президентінің, Президент әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Испанов Ілияс Сапарбекұлын Ақтөбе қаласының әкімі етіп тағайындауға үкім шығарды.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Ілияс Испанов, Ақтөбе қаласының жаңа әкімі

40 жастағы Ілияс Испанов — Қазақстандағы халықаралық бизнес академиясы жанындағы нарық институтының, Лондон экономика және саясаттану ғылымдары мектебінің, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының түлегі.

Экономист мамандығын алған және мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі.

Испанов еңбек жолын 1993 жылы «Ақ Бастау» компаниясының Сарыағаш аудандық филиалында есепші болып бастаған. Кейінгі жылдары ҚР Қаржы министрлігі проблемалық борышкерлермен жұмыс комитет төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Бас прокуратурасы қаржы, ақпараттандыру, ақпараттық ресурстарды қорғау департаментінің басшысы қызметтерін атқарған.

Ол Ақтөбе қаласының әкімі лауазымына тағайындалмай тұрып, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментін басқарған.

— Біз кадр алмастыру шарасын жүргіздік. 6 ауданның әкімдерін ауыстырдық. Облыста кадр жетіспейді, әсіресе кандидат таңдау кезінде осы мәселемен бетпе-бет келдік. А корпусының резерві жоқ, бұл жолы да оларға сенім арта отырып, кадр алмастырдық. Олар біздің сенімімізді ақтайды деп үміттенемін, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбенің бұрынғы әкімі Бекбол Сағын өзге жұмысқа ауысуына байланысты орнынан босатылды.

Загрузка...