Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

500-ден аса бизнес жоба қаржылай қолдауға ие болды

Биыл өңірде 4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып, елуден аса азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Бірі жеке кәсібін енді бастаса, басқасы қомақты қаржыны өндірісін кеңейтуге жұмсапты. Мемлекеттің демеуімен бизнесін ширатып алған іскер азаматтың бірі – Әмір Сақтағанов. Кәсіпкердің жиһаз цехы мемлекеттік қолдаудың арқасында өндірістік қуатын арттырып отыр.

Кәсіпкер бизнеске алғашқы қадамын 2009 жылы бастаған. Қолындағы бар қаражатқа қондырғылар алып, шағын гаражда жалдамалы жұмысшымен бірге жиһаз өндірісін қолға алады. Осы салада тәжірибесі бар ол «Көкше-Мебель» серіктестігін құрады. Уақыт өте келе, тапсырыс көбейіп, үлкен өндірістік ғимаратты жалға алған. Содан бері кәсіпорын өсіп, өркендеді.

Алайда, қазір бәсекелестік жоғары. Сондықтан да осы саладағы өзгерістерді қалт жібермеуге тырысатын кәсіпкер тұтынушының көңілінен шығарлық жиһаз жасау үшін заманауи қондырғылар қажет екендігін айтады. Ал ондай құралдар арзан тұрмайтыны белгілі. Бастаған ісін ілгерілетіп, өндіруден бастап өз өнімін таратуға дейінгі жұмыстың толық циклын жөнге келтіру үшін Әмір Сақтағанов биыл «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан өңдеуші кәсіпорындарды қолдауға бағытталған «Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша жылына 6 пайызбен 40 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Кәсіпкер бұл қаражатқа ПВХ ағашын өңдеуге автоматандырылған станок пен шикізат алды.

Осылайша, жиһаз өндірісі дұрыс жолға қойылып, жаңа технологияларды енгізу арқылы өндіріс көлемін еселеп арттыруда. Бүгінде компания жұмсақ және құрастырмалы жиһаздың 150 түрін шығарады.

«Экономикалық дағдарыстарға қарамастан алдағы күндерге деген сенімімізді жоғалтпай, тұтынушыларға қажетті жиһаз өндіруді тоқтатқан жоқпыз. Оның қолжетімді бағаға және жоғары сапаға ие болуына күш-жігерімізді жұмсадық. Төккен теріміз текке кетпеді. Осының барлығын мемлекеттік көмек-қолдаудың нәтижесінде жүзеге асырдық. Өз ісіңе сенсең, алынбайтын қамал жоқ екен. Және де жақсы әріптестер жаныңнан табылып жатса, кез келген жағдайда, жаңа жоспарлар құрып, жүзеге асыруға болады», – дейді серіктестік директоры Әмір Сақтағанов.

Жеке кәсіпкер үшін ағаш шеберлігі бастапқыда әншейін әуесқой іс болса, енді табыс көзіне айналып отыр. Бір қараған адамға кәдімгі тақтай боп көрінсе де, оның қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару да оңай емес. Кәсіпорында 80 адам еңбек етеді. Жиһаз жасау цехы ең озық құралдармен жабдықталған. Мұнда үй, кеңсе жиһаздарының бірнеше түрі шығарылуда.

«Басты мақсатымыз – аймақты сапалы әрі арзан өніммен қамтамасыз ету. Тапсырыс түсіп жатса, бұдан да көп құрастыруға қауқарымыз жетеді. Алушылардың талабына сай шеберлер ерекше дизайнда айрықша жиһаз жасап беруге дайын. Әзірге тапсырысшы тарапынан шағым түсіп көрген жоқ. Бір айтарым, тұрғындар жиһазды өзге жерден тасығанша, жергілікті өнімді алғаны дұрыс. Өйткені сапасы жақсы әрі арзанға түседі», – дейді жиһаз цехының өндіріс басшысы Павел Павловский.

Өнімді өткізу үшін қала-аудандарда дүкендер желісін ашу ісінде де ұмтылыс байқалады. Кәсіпорынның Көкшетауда 8 сауда нүктесі бар. Қала, облыс аудандарымен қатар, көршілес облыстарда да кәсіпорын жиһазына сұраныс артып келеді. Сондай-ақ, өндірушілер өздерінің жеке сайттарын ашып, жарнамасын жүргізіп отыр.

Ісі ілгері басқан кәсіпкер жаңа жұмыс орындарының ашылуы, өндіріс қуатының екі есе артуы – мемлекеттік бағдарламаның жемісі деп біледі.

«Біз жиһаз бөлшектерінің басым бөлігін өзіміз жасап жатырмыз. Бұрын құрылғылар болмағандықтан, оны дайын күйінде сатып алатынбыз. Бұл несімен тиімді дегенге келер болсақ, біріншіден өзіндік құны арзандады, екіншіден, біз өзімізге қажетті өлшемдер бойынша кесуге мүмкіндік алдық. Қазір екінші жобаны бастадық. Ол бойынша жаңа өндірістік ғимарат ашылады.Міне, мұның бәрі мемлекеттік бағдарламаның шарапаты. Осының арқасында өндіріс көлемін ұлғайттық», – дейді кәсіпкер Ә.Сақтағанов.

Өлкеде әлеуметтік нысандар мен қатар өндірістік жобалар да іске асуда. Бүгінгі күні Ақмола облысында шағын және орта кәсіпкерліктің 60 мыңнан аса нысаны бар. Бизнесті қолдаудың нәтижесінде соңғы уақытта жаңа қызмет түрлері пайда болып, ауылдарда тұрақты жұмыс орындары ашылған.

«2010-2016 жылдар аралығында 455-ке жуық субсидия бойынша кәсіпкерлерге қолдау көрсеттік. Биыл осы субсидия бағыты бойынша 100-ге жуық кәсіпкер көмек алды. 54-ке жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде ауылдық елді мекендерде 40-қа жуық жұмыс орны құрылды», – дейді «Даму» қорының бас менеджері Ерболат Едігеев.+

Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті дамыту және қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыруға облыста осы кезең ішінде республикалық бюджеттен және ұлттық қордан 10 миллиард теңге бөлінген. Осы жылдың өзінде ақмолалық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 3 миллиард теңге қаражат бөлініпті.

Бүгінде облыста шағын және орта бизнес саласында 131 мың адам жұмыспен қамтылған. Биылғы жылдың 8 айы ішінде кәсіпкерлік саласында 4290 жаңа жұмыс орындары құрылды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз