Ақтөбеде мемлекеттік қызметкерлер арасында жемқорлық көбейген

60 просмотров

Ақтөбе облысында қылмыс көбейген, оның ішінде жемқорлықпен ұсталған мемлекеттік қызметкерлер де баршылық. Жалпы, жыл басынан бергі бес айда облыста 671 қылмыстық іс қаралса, 2015 жылы осы уақыт ішінде 433 қылмыстық іс қаралған.

Бұл туралы Ақтөбе қалалық сотының төрағасы Айсұлтан Балмұқанов бес айда қаралған істерді қорытындылау кезінде мәлім етті деп хабарлайды aktobenews.kz.

— 776 адамға қатысты қаралған қылмыстық істің ішінде 435 адамға айыптау үкімі шығарылды. Ал өткен жылы 313 адамға қатысты үкім шығарылған болатын. Биыл сотталған адам саны 28,4 пайызға көбейген. Біздің соттың үкімімен сотталған 435 адамның 108-іне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, 158 адамның бас бостандығына шектеу қойылды, 26-сы шартты жазаға тартылса, 90-ы қоғамдық жұмысқа жіберілді. Бізге келіп түскен 65 іс прокуратураға қайта қайтарылды, — дейді Ақтөбе қалалық сотының төрағасы Айсұлтан Балмұқанов.

Сот төрағасы тараптардың медиациялық шарт жасаумен істің қысқартылуы жақсы жолға қойылғанын атады.

Жиында төраға мемлекеттік қызметкерлердің арасында жемқорлар санының көбейгенін де айтып кетті.

Өткен жылы алты мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлықпен сотқа тартылса, биыл тоғызға жетіпті. Жемқорлық ісі бойынша сотқа шақырылған мекемелердің арасында «Еңбек Ақтөбе», зауыт полициясы, қаржылық бақылау мекемесінің қызметкерлері бар.

Сондай-ақ облыстық ішкі істер департаментінің екі бірдей лауазымды қызметкері сот алдында жауапқа тартылған.

Загрузка...